Былтыр жыл соңында «Қарағанды – Жезқазған», «Балқаш – Жезқазған» пойыздары тоқтап қалды. Қазір тек №307-308 «Жезқазған – Астана» пойызы ғана жүріп тұр. Сол «жүріп тұр» дегені болмаса, қызылордалық «Марал-Нұр» ЖШС қамтамасыз ететін бұл пойызға да көпшіліктің өкпе-назы көп. Бұл мәселені Парламент Мәжілісінің депутаттары да көтерді. Жезқазғандықтардың арыз-шағымдары негізінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбековке депутаттық сауал жолданды.
– Қызмет бабымен еліміздің түкпір-түкпіріне жиі қатынаймын, – дейді Жезқазған қаласының тұрғыны Гүл Ғалымжанқызы. – Басқа жақтардан жаңа вагондарды, олардағы қызметті, тіпті аппақ төсек жаймаларын көріп таң-тамаша қаламыз. Біздің жезқазғандықтар үшін оның бәрі арман ғана. «Марал-Нұр» ЖШС беретін төсек жабдықтары әбден тозған, сағал-сағал, жолаушылардың көбі оны алуға да жиіркенеді. Ең үлкен проблема – үнемі билет жетіспейді. Бір жаққа бару үшін билетті кемінде бір апта бұрын алу қажет. Кейде Қарағандыға дейін орын жоқ деген соң, билетті Астанаға дейін алып, артық шығындануға тура келеді.
«Жезқазған – Астана» пойызы күн сайын жүреді. Алайда, небары он екі вагон жолаушылар сұранысының 70-75 пайызын ғана өтеп отыр. Сондықтан жолаушылар кассаны айналып, тікелей жолсеріктермен келісуге мәжбүр.
Кейінгі жылдары аталған он екі вагонның екеуі ғана жаңартылған. Қалғандары ондаған жылдар бойы ешқандай жөндеу көрмеген терезелерінен суық ұрады, әжетханасында жылы су жоқ, электр көздері жұмыс істемейді. Санитарлық жағдайдың төмендігіне жезқазғандықтардың ғана емес, осы өңірге келіп-кетіп тұратын қонақтардың да еті үйренген.
Қаңтар айында Жезқазған өңіріне арнайы келген Мәжіліс депутаттары халықтың арыз-шағымдарының растығына көз жеткізіп, тиісті министрлік басшысына вагондардың жағдайын бағалауды, нақты сұранысты білу үшін жолаушылар ағынына мониторинг жүргізуді сұрап, хат жолдады. Онда сонымен қатар тасымалдаушының өз міндеттерін қаншалықты дұрыс орындап отырғанын тексеру қажеттігі де айтылған.
Пойыз вагондарын жаңарту жайын нақтыласақ, «Марал-Нұр» ЖШС басшылығының мәлімдеуінше, компания былтыр бес жаңа вагон сатып алса, соның төртеуі қазір Қарағанды облысында жүріп жүр. Ал қосымша вагондар тіркеу мәселесі Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің құзыретінде көрінеді. Комитет қазір бұл мәселені қарастыру үстінде.
– Тиісті шешім қабылданысымен, №307-308 пойыз қосымша вагондармен жүретін болады, – дейді «Марал-Нұр» ЖШС-нің директоры Қазбек Думбаков.
Солай дегенмен, бұл проблема нақты қашан шешілетіні белгісіз. «Жезқазған-Бейнеу» темір жол құрылысы басталатыны туралы хабарланғанда, жергілікті халық шалғайдағы темір жол тұйығы болудан құтыламыз деп қуанған еді. Шынында да, «Жезқазған-Қызылорда» пойызы өңірдің дамуына айтарлықтай серпін берді. Алайда, Қарағанды бағытын естен шығаруға бола ма? Вагондардағы орын жеткіліксіздігі талай жанды жолынан қалдырып, шаруасын бөгеп келеді. Әсіресе, қыс айларында алыс сапарға автобуспен немесе автомашинамен шығу қиын әрі қауіпсіз де емес. Жергілікті халық тасымалдаушыны ауыстырған дұрыс болар деген пікірде. Бастамашыл топ «Қазақстан темір жолы» басшылығының атына арнайы хат әзірлеп, қазір қол жинау үстінде. Мәселені, мүмкін, сала басшылығы шешер.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы